БАҚ: АҚШ Ауғанстаннан шығарылған әскерилерін Орталық Азияға орналастыруды көздейді
АҚШ Ауғанстаннан шығарылған әскерилері мен техникаларын Орталық Азия мен Таяу Шығысқа орналастыруды жоспарлайды. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы америкалық әскери шенеунікке сілтеп, хабарлады.
Америкалық әскерилердің пайымдауынша, солдаттарды, дрондарды, артиллерияны, бомбалау құралдарын басқа аймаққа ауыстыру және аймақта әскери база құру Ауғанстандағы басқыншылық әрекеттерді алдын алуға, тәліптердің әрекетін бақылауға мүмкіндік береді.
Америкалық әскерилер Ауғанстанда «Әл-Каида», «Ислам мемлекеті» және басқа топтардың пайда болуы АҚШ пен оның одақтастарының мүдделеріне қауіп төндіреді деп санайды.
Байден әкімшілігіндегі шенеуніктер АҚШ әскері мен әскери техникаларын Ауғанстанмен шекаралас Өзбекстан мен Тәжікстанға орналастыруды жөн көреді.
The Wall Street Journal басылымы «америкалық шенділер аймақтағы Ресейдің әскерінің болуы және Қытайдың Орталық Азияға ықпалының артуы АҚШ-тың әскери базасын құруын қиындататынын түсінеді» деп жазады.
Газеттің хабарлауынша, Вашингтон әскери база құру үшін Орталық Азия елдеріне әлі өтініш жібермеген. Пентагон қазір бұл туралы ойланып жатыр. Шешім қабылдауға Мемлекеттік департамент пен Ақ үй де араласпақ.
АҚШ «Талибан» қозғалысымен келісімнен соң Ауғанстаннан әскерін әкете бастады. Вашингтон қыркүйекке дейін бұл елдег барлық әскерилерін шығаруы тиіс.
newstaraz.kz