Байден сұхбатынан кейін Ресей АҚШ-тағы елшісін Мәскеуге қайтарды
Ресейдің Вашингтондағы елшісі Анатолий Антонов Ресей-Америка қатынасы мен АҚШ-тың жаңа басшылығының саясаты мәселесін талқылау үшін Мәскеуге қайтарылды.
Сәрсенбі күні АҚШ президенті Джо Байденнің сұхбаты жарияланғаннан кейін осындай хабар тарады. Сұхбатта Байден Ресей президенті Владимир Путинді «қанышер» деп санайсыз ба деген сұраққа «иә» деп жауап берген.
Елшіні қайтарғаны туралы ақпарат Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың сәрсенбі күні таратқан хабарламасында айтылды. Оның сөзіне қарағанда Ресей АҚШ-пен қатынастың қайта қалпына келмейтін дәрежеде нашарламауына мүдделі.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Дженнифер Псаки 17 наурызда Ресей өзінің әрекеті үшін жауап береді деп мәлімдеді. Бұған дейін АҚШ барлау қызметі арнайы баяндамасында Мәскеу 2020 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына араласты деген тұжырым жасаған
Псакидің айтуынша, президент-демократ Джо Байден әкімшілігі бұрынғы президент Дональд Трампқа қарағанда Ресеймен қатынас мәселесіне басқа қырынан қарайды.
Америка әкімшілігін 20 қаңтардан бері басқарып келе жатқан Байден ABC телеарнасының тілшісі Джордж Стефанопулосқа берген сұхбатында Ресей президенті Владимир Путинді «қанішер» деп санайсыз ба деген сұраққа «иә» деп жауап берген.
Сұхбатта Мәскеудің 2020 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына араласқаны жайлы баяндаған америкалық барлау қызметінің есебі сөз болған. Байден егер Ресейдің сайлауға араласқаны расталса, оның арты жақсылыққа апармайды деп Путинді ескерткенін алға тартқан. Ақпарат бойынша, АҚШ келесі аптада соған байланысты және жақындағы хакерлік шабуыл үшін Ресейге санкция салуы мүмкін.
17 наурызда АҚШ-тың Скрипальдар отбасы мен Алексей Навальныйдың «Новичокпен» улануына байланысты Ресейге санкцияны күшейткені белгілі болды. АҚШ қорғаныс саласында қолданылатын бірқатар өнімдер мен тауарлар экспортына тыйым салады.
Ресей билігі Скрипальдар отбасы мен Навальныйдың улануына қатысы жоғын айтып келеді.
newstaraz.kz