Баткенде қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжалдан соң бір жыл мерекелік шара өткізуге шектеу қойылды
Қырғызстандағы Баткен қаласының билігі жергілікті тұрғындарға 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін мерекелік шаралар өткізуге шектеу қойды. Бұл туралы Баткен әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала әкімшілігінің мәліметінше, мұндай уақытша шектеу қырғыз-тәжік шекарасында үш ай бұрын болған қарулы жанжалға байланысты қабылданған. Сол кезде қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыстан 63 қырғызстандық опат болған.
«Жаңа жыл, 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні, Наурыз, Жеңіс күні, Тәуелсіздік күні, соңғы қоңырау, Халықаралық балаларды қорғау күні мерекелерін тойлауға шектеу қойылды. Жергілікті билік жақында халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізеді», — деп жазылған әкімдік мәлімдемесінде.
Мәліметке қарағанда, мерекелік шараларды ұйымдастыруға шектеу 22 қарашада қабылданған.
Биыл 14-17 қыркүйек күндері қырғыз-тәжік шекарасында болған қарулы жанжалдан қос тараптан жүзден астам адам өлді. Азаттықтың Тәжік қызметі шекарадағы қақтығыста опат болған 80-нен астам адамның тізімін дайындады. Қырғызстан ресми билігінің мәліметінше, бұл елде шекарадағы жанжалдан 63 адам өлген, 200-ге жуық адам жараланған.
newstaraz.kz