Бішкек Пекинге Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жол жобасын ұсынды
Қырғызстан Қытай үкіметіне Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жол жобасын жүзеге асыру жөніндегі құжаттардың барлығын тапсырды. Бұл туралы «Қырғыз Темір Жолу» бас директорының орынбасары Дастан Усубакунов Азаттық радиосы Қырғыз қызметіне хабарлады.
«Өз тарапымыздан Пекинге Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жол жобасына қатысты құжаттардың бәрін өткіздік. Ақпанда басшыларымыз Қытайға барады. Үш елдің өкілдері келіседі. Содан кейін жобаға қатысты мәліметтерді халыққа хабарлаймыз», — деді Дастан Усубакунов.
Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолын салу туралы бастама 2000-жылдардың басында көтерілген, бірақ әлі жүзеге асқан жоқ.
2017 жылы халықаралық темір жол жобасы жөнінде үштараптық жұмыс тобы құрылды. Мәліметтерге қарағанда, жобаның үш түрлі нұсқасы қаралып жатыр.
newstaraz.kz