Блинкен мен Лавров америкалық журналист Гершковичтің ұсталуын талқылады
АҚШ пен Ресей сыртқы саясат мекемелерінің басшылары Энтони Блинкен мен Сергей Лавров жексенбі күні телефонмен сөйлесті.
Америкалық дипломатия жетекшісі The Wall Street Journal басылымының Мәскеу сотының шешімімен қамауға алынған журналисі Эван Гершковичті тез арада босатуды талап етті.
Журналистің ұсталғанына алаңдаған Энтони Блинкен БАҚ өкіліне қысым жасауға болмайтынын мәлімдеген, деп хабарлады АҚШ мемлекеттік департаменті. Ресми мәліметке қарағанда, Блинкен мен Лавров дипломатиялық миссияларға өз жұмысын атқаруға жағдай жасау өте маңызды екенін талқылаған.
Ресей сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Сергей Лавров Блинкенге «Ресей билігінің шешімін құрметтеу керектігін» айтқан. Министр америкалық журналист қылмыс үстінде ұсталғанын атап өткен.
Бейсенбі күні Мәскеу соты Эван Гершковичті 29 мамырға дейін қамауда ұстау туралы шешім шығарды. Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, журналист «АҚШ тапсырмасымен ресейлік әскери-өнеркәсіп кешенінің бірінде мемлекеттік құпияға жататын мәлімет жинаумен айналысқан». Нақты қандай кәсіп орын екені әзірге белгісіз. Гершкович 20 жылға сотталуы мүмкін.
Ақ үй АҚШ азаматы Эван Гершкович тыңшылық жасады деген айыпты жоққа шығарып отыр.
newstaraz.kz