Bloomberg: АҚШ Ресей дипломаттарын елден шығарып, жаңа санкциялар салуға дайындалып жатыр
АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Ресей дипломаттарын елден шығарып, жаңа санкциялар салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Вашингтон Мәскеуді хакерлік шабуылдар жасап, сайлауға килікті деп айыптап отыр.
Бұл туралы Bloomberg дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Агенттік мәліметі бойынша, Ақ үй Мәскеудің қастық әрекеттері мен хакерлік шабуылдарына қатысты мәліметтерді тексеріп болды. Сарапшылар үкімет мекемелеріне жасалған шабуылды Америка тарихындағы ең қауіпті кибершабуыл деп атаған.
Агенттік дереккөзінің айтуынша, АҚШ Владимир Путинге жақын адамдарға, сонымен бірге сайлауға килігуге қатысы бар билік органдарына санкция салуы мүмкін. Бұған қоса, «дипломат болып тіркеліп, барлауға жұмыс істейтін» ресейліктерді елден шығаруы мүмкін, дейді дереккөз.
Ресейдік қастық әрекеттеріне сараптама жасауды АҚШ президенті Джо Байден Ақ үйге келген күні тапсырған.
Ресей билігі Вашингтон таққан айыптарды жоққа шығарып отыр.
newstaraz.kz