Дүниежүзілік баспасөз ердіндігі индексінде Қазақстан Қырғызстаннан 50 орын арта қалды
Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» үкіметтік емес ұйымы 3 мамырда БАҚ еркіндігінің жыл сайынғы рейтингі — Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексін жариялады.
Биыл Қырғызстан рейтингте жеті саты көтеріліп, 72-орынға тұрақтады. Республика былтыр 79-орында болған. Дегенмен Қырғызстан баспасөз еркіндігі күрделі елдер тізімінен әлі шыға қойған жоқ.
Рейтингке сәйкес, Қырғызстанда «баспасөз бен сөз бостандығы айтарлықтай деңгейде», мемлекет дәстүрлі БАҚ-қа бақылау орнатқанына қарамастан, баспасөзде «әжептәуір плюрализм бар».
«Шекарасыз тілшілер» 2022 жылғы индексті есептеу әдісіне өзгеріс енгізгенін хабарлады. Ұйым биыл жаңа бес көрсеткішке сүйенді. Олар: саяси контекст, құқықтық база, экономикалық контекст, әлеуметтік-мәдени контекст және қауіпсіздік.
Рейтингте Норвегия бірінші орында тұр, ал соңғы 180-орында Солтүстік Корея орналасты. Қазақстан 122-орында, Өзбекстан – 133, Тәжікстан – 152, Түркіменстан – 177.
3 мамыр — Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күні.
Биыл Қырғызстанда бірнеше тәуелсіз БАҚ пен журналиске қарсы қылмыстық іс қозғалды — Kaktus.Media, Next TV телеарнасы, Temirov.Live арнасының негізін қалаушы әрі журналист Болот Темиров. Next TV директоры Таалай Дүйшембиев екі айға қамауға алынды, ал телеарна хабар таратуды тоқтатып, кеңсесі жабылды.
newstaraz.kz