Дания Украинаға тағы 2,6 млрд доллар әскери көмек береді
Дания Украинаға 17,9 миллиард дат кроны (2,59 миллиард доллар) көлемінде жаңа әскери көмек пакетін бөлуді көздейді. Бұл туралы дүйсенбіде осы елдің премьер-министрі Метте Фредериксен мәлімдеді.
Қаражат Украинаға биыл және 2024 жылы қару-жарақ сатып алуға арналған.
Наурызда Дания 2023 жылы Украина үшін әскери және азаматтық көмек қорын ашты. Оған 1 миллиард доллар аударылды. Дат радиосына берген сұқбатында Фредериксен үкімет осы қорға биыл қосымша 7,5 миллиард дат кронын (шамамен 1 миллиард доллар), ал 2024 жылы 10,4 миллиард (шамамен 1,5 миллиард доллар) аударуды жоспарлап отырғанын айтты.
Украина президенті Владимир Зеленский дат үкіметіне твиттер арқылы алғыс білдірді.
Фредериксен мәлімдемесі НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергтің солтүстік елдерге сапары қарсаңында жарияланып отыр. Столтенберг биыл қыркүйекте қызметтен кетеді. Метте Фредериксен НАТО-ның келесі басшысы болуы мүмкін.
newstaraz.kz