Дереккөз: Түркіменстанның бір ғана өңірінде ковидтен күніне 100 адам қайтыс болып жатыр
Түркіменстанның Лебап облысына қарасты Фарап ауданындағы орталық аурухана толық карантинге жабылып, COVID-19 жұқтырған науқастарды ғана қабылдап жатыр. Бұл туралы Азаттықтың түркімен қызметі аймақтың денсаулық сақтау басқармасындағы бұлақтарына сілтеме жасап хабарлады.
«Коронавирус жұқтырғандар және одан қаза болғандар көбейіп жатыр. Лебап облысында соңғы 24 сағат ішінде 100-ге жуық адам көз жұмды. Фарап аудандық көп профилді аурухана тек науқастарды ғана қабылдап жатыр. Ауруы асқынғандарды үйіне қайтарып жатыр», — дейді дереккөз.
Оның сөзінше, облыстық көп профилді аурухана аудандардан келген науқастарды қабылдауды тоқтатқан.
Соңғы күндері коронавирустың ошағы деп есептелініп жатқан Лебап облысында медицина қызметкерлері жетіспейді. Сол себептен оларға еңбек демалысына шығуға тыйым салынған.
Түркіменстан билігі әлемде COVID-19 пандемиясы басталғаннан бері өлкеде коронавирус жұқтырған бірде бір жағдай тіркелмеді деп мәлімдеп келеді.
newstaraz.kz