Душанбе: Тәжікстан 100 мыңға дейін ауған босқынын қабылдай алады
Душанбенің мәлімдеуінше, Тәжікстан 100 мыңға дейін ауған босқынын қабылдауға мүмкіндігі бар. Ауғанстанның солтүстігіндегі аудандардың дені тәліптердің бақылауына өткен соң, тәжік билігі көрші елден босқындар көшін қабылдауға дайындалып жатыр.
Тәжікстанның азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті басшысының бірінші орынбасары Имомали Иброхимзода 23 шілдеде Душанбеде өткен баспасөз конференциясында мемлекет Ауғанстаннан 100 мыңға дейін босқын қабылдай алатынын мәлімдеді. Босқындар көбейіп бара жатса, Тәжікстан халықаралық ұйымдардан көмек сұрайды, деді ол.
Шенеуніктің айтуынша, ауған босқындарының көшіне дайындық аясында Хатлон облысының Кушониен ауданы мен Хорог қаласында тауарлар мен материалдарға арналған екі қойма салынып жатыр.
Мәліметтерге қарағанда, Тәжікстанға тәліптерден қашып келген 1600 ауған босқыны 11 әуе рейсімен еліне оралды.
Еске салайық, Хатлон облысының басшысы Курбон Хакимзода Жайхун ауданында ауған босқындарына арнап уақытша лагерь салынатынын осы аптада мәлімдеген.
Шілде айының басында Таулы Бадахшан автономиялы облысының басшысы Едгор Файзов 5-10 мың босқын қабылдауға дайын екенін мәлімдеген.
АҚШ және НАТО-ның басқа да елдерінің қарулы күштері Ауғанстаннан шығарыла бастаған уақытта «Талибан» қозғалысының содырлары бірнеше аймақты басып алды.
Ауған үкіметінің мәліметінше, үкімет әскері мен тәліптер арасындағы жанжалдың кесірінен екі миллионнан астам адам босқынға айналды.
newstaraz.kz