ЕАЭО елдерінің мигранттары үшін Мәскеуде қызмет көрсететін жеке дәліз ашылды
Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің азаматтарына Мәскеудегі «Сахаров» көші-қон орталығында қызмет көрсететін жеке дәліз жұмыс істей бастады.
Қырғызстанның Ресейдегі елшілігінің хабарлауынша, енді ел азаматтары осы дәліздің көмегімен қызмет түрлерін тез ала алады. Соған байланысты елшілік Ресей жағына мәселені тез шешуге көмектескені үшін алғыс айтты.
Еске салайық, 17 ақпанда Қырғызстан Ресейдің сыртқы істер министрлігіне еңбек мигранттарының жағдайын ауырлататын жаңа ережелер енгізгені үшін нота жолдаған. Медициналық тексеруден өтіп, дактилоскопиялық тіркеуге тұру үшін еңбек мигрантары ұзақ уақыт кезекте тұруға мәжбүр болды.
Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Ресейде жұмыс істейтін қырғыз азаматтарын жергілікті заңдарды сақтауға шақырды. Құқықтары бұзылған азаматтар қырғыз елшілігі мен консулдықтарына хабарласа алады.
Бұның алдында қырғыз парламентіндегі депутаттар Ресейдегі еңбек мигранттарының жағдайы қиындап кеткенін мәселе ретінде талқылаған.
Ресейде миллионға жуық қырғыз азаматы жұмыс істейді.
newstaraz.kz