Еуроодақ санкциялардың алтыншы пакетімен Ресейге қарсы мұнай эмбаргосын енгізеді
Еуроодақ Украинада соғыс басталғалы бері қабылданып жатқан санкциялардың алтыншы пакетінде Ресейге қарсы мұнай эмбаргосын енгізуді көздеп отыр.
ЕО елдерінде үш мемлекеттік телеарнаны көрсетуге, Сбербанкке тыйым салады, сонымен бірге тағы екі ірі банк халықаралық SWIFT банкаралық жүйеден ажыратылады. Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен осылай деп хабарлады.
Еуроодақ Киев түбіндегі Бучадағы әскери қылмысқа қатысы бар ресейліктердің тізімін жасап, оларды жауапқа тартуды көздеп отыр. France-Presse агенттігінің хабарлауынша, Орыс православ шіркеуінің патриархы Кирилл (Гундяев) де санкция тізімінде бар.
Мұнай эмбаргосына Венгрия мен Словакия қосылмайды. Бұл елдер орыс экспортына тәуелді. Олар Ресейден 2023 жылдың соңына дейін мұнай сатып ала алады.
Санкция жүзеге асу үшін оны ЕО елдерінің бәрі мақұлдауы тиіс. Бұның алдында мұнай импортын шектеуге Венгрия қарсы шыққан, бірақ соған дейін Будапешт шектеу туралы ұсыныстарды қолдап келген.
newstaraz.kz