Гүлнара Каримованың Швейцариядағы активтерін қайтару бойынша келісімге қол қойылды
Өзбекстан мен Швейцария 16 тамызда Берн қаласында «Швейцария аймағында тәркіленген заңсыз қаржыны Өзбекстан халқына қайтару» жөніндегі келісімге қол қойды.
Өзбекстан тарапынан келісімге әділет министрі Русланбек Давлетов, Швейцария тарапынан осы елдің президенті Иньяцио Кассис қол қойған.
«Бұл келісім Гүлнара Каримованың қылмыстық жолмен алынған және Швейцарияда заңдастырылған 131 млн доллар қаражатын Өзбекстан халқына тез арада қайтаруды көздейді», — делінген Өзбекстанның әділет министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Келісімге сәйкес, автивті қайтарудың басты міндеттері мынадай: ақшаны жұмсауда ашықтық болуы қажет, оны бақылауға азаматтық қоғам өкілдері қатысуы керек. Қаржыны әлеуметтік салаға, оның ішінде білім беру мен денсаулық саласына жұмсауы керек.
Бұл қаражат БҰҰ жүйесіндегі Uzbekistan Vision 2030 қоры арқылы қайтарылмақ.
Өткен айда Швейцарияның апелляциялық палатасы Гүлнара Каримованың шағымын жартылай қанағаттандырған. Оған сәйкес, Гүлнара Каримоваға бұғатталған қаржының 293 млн франкы (303 млн доллар) қайтарылады.
Өзбекстанның тұңғыш президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримова 2015 жылы бес жылға сотталған. Кейін 2020 жылдың наурыз айында оған қосымша айыптар тағылып, тағы 13 жыл, 4 айға сотталған. Қазір ол әйелдер колониясында жазасын өтеп жатыр.
newstaraz.kz