Индонезияда қуаты 5,6 балл жер сілкінісі болып, кемі 162 адам өлген
Жексенбіде Индонезияның Ява аралында қуаты 5,6 балл жер сілкінісі болды. Кемі 162 адам өліп, 300-ден аса адам жараланған. Үйі қираған 14 мыңға жуық адам зардап шеккендер мен босқындарға арналған лагерьлерге жайғастырылған.
Батыс Ява провинциясының губернаторы Ридван Камилның баспасөзге таратқан ақпаратына қарағанда, өлгендер мен жараланғандар әлі де көбеюі мүмкін.
Құтқару қызметі 2300-ден астам тұрғын үй, төрт мектеп қирағанын, мешіт пен ауруханаларға қатты зақым келгенін хабарлаған.
Индонезия Жердегі өте белсенді сесмикалық белдеуде орналасқан. Индонезия құрамындағы Суматра аралында 2004 жылы 9,1 балл жер сілкінісі болған. Ізінше цунами қозғалып, 14 елдің жағалауын жайпап өткен. Апаттан қырылған 226 мың адамның тең жартысы Индонезия халқы болатын.
newstaraz.kz