Мәскеуде скинхедтермен төбелескен тәжік азаматы екі айға қамалды
Мәскеуде скинхедтермен төбелестен соң ұсталған 21 жастағы тәжік азаматы Амиршо Хусейнов екі айға қамауға алынды. Бұл туралы ресейлік құқық қорғаушы Валентина Чупик Facebook парақшасына жазды.
«Амиршо Хусейнов қару қолданып, бұзақылық жасағанын мойындады. Оның адвокаты соттың бұл шешіміне қарсы жоғарғы сатыдағы сотқа шағымданатынын жеткізді», — деп жазды ол.
Хусейновтің туыстары оны жәбірленуші деп санайды.
Бір күн бұрын Тәжікстанның Ресейдегі елшілігі бұл оқиғаны шынайы және ашық зерттеуді талап етіп РФ сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын жолдаған.
Куәгерлердің айтуынша, 23 маусымда кешке скинхедтер Толбухин көшесінде «Ресей орыстар үшін, Мәскеу мәскеуліктер үшін!» деп ұрандатып, басқа ұлт өкілдерінің намысына тиген. Скинхедтермен дағыстантандықтар мен тәжік азаматы төбелескен. Полиция бірнеше адамды ұстаған, олардың арасында Амиршо Хусейнов те бар.
Тәжік елшісінің хабарлауынша, елшілік Хусейновті қорғайтын адвокат жалдаған. Елшілік өкілдері Ресейдің тергеу комитеті қызметкерлерімен кездесіп, оқиғаның мән-жайын сұрастырған. «Қамаудағы тәжік азаматына көмек көрсетіледі», деді Саттори.
РЕН ТВ телеарнасының хабарлауынша, төбелесте жараланған бірнеше ұлтшыл ауруханаға түскен.
Танымал адам құқықтарын қорғаушы Валентина Чупик полиция скинхедтерді босатып жібергенін, ал ұлтшылдыққа қарсы шыққандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды деп жазды.
Хабарларға қарағанда, Тәжікстан азаматы Амиршо Хусейнов қазір Мәскеудегі тергеу изоляторында отыр.
newstaraz.kz