Мемлекеттік дума елден кеткен ресейліктерге көбірек салық салғысы келеді
Мемлекеттік дума елден кеткен ресейліктерге салықты арттыруға мүмкіндік беретін заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұл жөнінде парламенттің төменгі палатасының басшысы Вячеслав Володин хабарлады.
Оның сөзінше, елден кеткендер ресейлік компаниялардағы жұмысын қашықтан жалғастырып қана жатқан жоқ – бұрынғыша барлық жеңілдіктерді пайдаланып отыр.
«Ресейден кеткендерді артықшылықтықтардан айырып, оларға салынатын салықты көбейткен дұрыс. Солай әділ болады» деп жазды Володин телеграм-арнасында.
Желтоқсан басында «Единая Россия» партиясының шетелге кеткен ресейліктерге кейбір мамандықтар бойынша қашықтан жұмыс істеуге тыйым салатын заң жобасымен жұмыс істеп жатқаны белгілі болған.
Мамандықтар тізімін үкімет бекітеді. «Вёрстка» басылымы шектеулер ақпараттық қауіпсіздік және мемлекетке маңызды өзге де сала жұмысшыларын қамтуы мүмкін деп жазды.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін және мобилизация жарияланғалы бері елден еңбекке жарамды жүздеген мың Ресей азаматы кеткен. Олардың арасында кәсіпкерлер, IT-мамандар, ғылыми қызметкерлер, дәрігерлер мен музыканттар бар. Шетелде қанша қалғаны белгісіз.
newstaraz.kz