Мирзияевті сынаған блогердің бостандығы үш жылға шектелді
Ташкент соты «жала жабу» бабы бойынша айыпталған блогер Миразиз Базаровтың бостандығын үш жылға шектеді. Сот үкіміне сәйкес, блогер қаладан шыға алмайды, ішкі істер органдары рұқсат берген уақыт аралығында ғана үйінен шыға алады. Бұл жөнінде Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.
Блогердің адвокаты Сергей Майоров шешімді заңсыз әрі әділетсіз үкім деп атады.
— Миразиздің әлі екі жыл төрт ай жазасы бар. Сот оның үйқамақта болғанын ескерді. Ол мықты жігіт, рухы сынған жоқ. Күресті жалғастыруға дайын, – деді Майоров.
Базаров сотына журналистерді кіргізбеген. Сот қызметкерлері оларда коронавирус жұқпағанын дәлелдейтін анықтама жоғын алға тартты. Мұндай анықтама қажеттігі алдын ала ескертілген жоқ. Блогердің адвокаты сот отырысы ашық өтеді деп хабарланғанына қарамастан судья аудио, видео жазуға тыйым салғанын айтты.
Бұл іс бойынша діндар Аброр Әбдіәзімов, блогерлер Шухрат Мұсаев пен Әбусалих Салимов және мектеп мұғалімі жәбірленуші ретінде танылған.
Былтыр 28 наурызда Миразиз Базаровты үйінің маңында бейтаныс үш ер адам ұрып-соққан. Біреуінің қолында бейсбол таяғы болған. Блогер ауруханаға түсіп, дәрігерлер оған миы шайқалған, сол аяғы жарақаттанған, ішкі ағзаларына зақым келген деген диагноз қойылды. Сол күні Базаров аниме мен K-pop фанаттарын Ташкент орталығына жиналуға шақырған. Бірақ бұл шара бір топ ер адамның «ЛГБТ белсенділеріне қарсы рұқсат етілмеген акциясына» байланысты өтпей қалған.
Блогер ауруханадан шыққаннан кейін 29 сәуірде сот оны үйқамаққа қамаған. Ташкент милициясының хабарлауынша, 1-20 сәуір аралығында құқық қорғау органдарына Базаровтің үстінен 28 шағым келіп түскен. Шағым түсірушілер 2020 жылы Базаровтың TikTok желісінде жариялаған видеосы намыстарына тигенін айтқан.
Кейін Базаровқа үш блогердің шағымы негізінде қосымша айыптар тағылды. Алайда Базаров «билікшіл блогерлердің таратқан жалған ақпаратының кесірінен өзіне қоқан-лоқы жасаған жүздеген хабарлама» түскенін айтты. Базаровтың айтуынша, ішкі істер органдары қоқан-лоқы туралы арыздарын тексермеген.
Миразиз Базаровтың таныстары мен құқық қорғаушылар блогерге жасалған шабуылды оның билікті сынаған жазбаларымен байланыстырады. Әлеуметтік желілерде Базаров президент Шавкат Мирзияевті сынап, жемқорлық туралы жазған. Экономикалық реформалар мен мемлекет басшысының саясатын «құр босқа шығын» деп атап, үкіметті карантин кезінде «адамдардың ақшасын тонады» деп айыптаған. Ол қазан айында өткен президент сайлауына да бойкот жариялаған еді.
newstaraz.kz