Навальный жақтастары 21 сәуірде митинг ұйымдастырады
Алексей Навальный жақтастары 21 сәуірде кешке Ресей қалаларының орталық алаңдары мен көшелерінде митинг ұйымдастыратынын жариялады. Саясаткерді қолдау митингіне қатысқысы келетіндер free.navalny.com сайтына өтініш қалдырып жатыр.
Бұның алдында наразылық акциясын қолдаушылар санын 500 мыңға жеткізу көзделген, бірақ Навальныйдың денсаулығы күннен күнге нашарлап бара жатқан соң жоспар өзгерген. Саясаткер Владимир облысындағы колонияда отыр. Ол азаматтық дәрігерге қаралуын талап етіп, 31 наурыздан бері аштық жариялап жатыр.
«Тезірек қимылдауға итермелейтін жағдайлар болады, әйтпесе кешігіп қалуымыз мүмкін. Біз сайтқа тіркелушілерді 500 мыңға жеткізу жоспарынан бас тарттық. Жағдай күн өткен сайын нашарлап барады. Кейінге қалдыруға болмайды», – делінген Навальный сайтында жарияланған үндеуде.
Бұның алдында Навальныйды емдейтін дәрігерлер оның бүйрегінің жұмысы нашарлағанын, жүрегі тоқтап қалуы мүмкін екенін айтқан.
16 сәуірде 70-тен астам танымал жазушылар, ғалымдар мен әртістер президент Владимир Путинге үндеу жолдап, саясаткерге өзі сенетін дәрігер жіберуін сұрады.
16 наурызда Мәскеу прокуратурасы Мәскеу қалалық сотына Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қоры мен аймақтардағы штабтарын «экстремистік ұйымдар» деп тану туралы арыз түсірді. Прокуратура шағымы қабылданса, Навальный ұйымдарының қызметкерлерінің, еріктілерінің және демеушілерінің үстінен қылмыстық іс қозғалады.
Биыл 17 қаңтарда Германиядан ұшып келген Алексей Навальный Мәскеу әуежайында ұсталды. Бірінші наурызда Еуроодақ Навальныйды қудалауға қатысқан ресейлік шенеуніктерге қарсы санкция енгізді.
newstaraz.kz