Нью-Йорк соты теракт жасаған өзбекстандықты өмір бойы түрме жазасына кесті
2017 жылы Нью-Йоркте Хэллоуин кезінде теракт жасаған өзбекстандық Сайфулло Саипов өмір бойы түрме жазасына кесілді. Прокурор өлім жазасын сұраған, бірақ алқабилер ортақ шешімге келе алмады.
Бұл жөнінде АҚШ-тың әділет министрлігі хабарлады.
Биыл 26 қаңтарда АҚШ федералдық соты Сайфулло Саиповке қатысты сот үкімі наурыз айында шығады деп мәлімдеген. Ол Манхэттен орталығында жалға алған жүк көлігімен жолаушыларды қағып өткен.
Теракт нәтижесінде 8 адам қаза болып, 12-сі жараланған.
35 жастағы Сайфулло Саипов 2010 жылы АҚШ-қа көшіп келген. Айыптау материалында оның «Ислам мемлекеті» террористік ұйымына материалдық қолдау көрсетіп келгені айтылған.
Сот процессі кезінде Саипов істеген ісіне өкінбейтінін айтқан. Ол АҚШ-қа көшкенге дейін 2005-2009 жылдары Ташкентте қаржы институтында оқыған. «Саёхат» қонақ үйінде есепші болып жұмыс істеген.
newstaraz.kz