Пашинян Армения премьер-министрі болып тағайындалды
Армения президенті Армен Саркисян Никол Пашинянды премьер-министр етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жолы оның кандидатурасын басқарушы «Азаматтық келісім» партиясы ұсынған.
Пашинянның министрлер кабинетін жасақтау үшін 15 күн уақыты бар. Үміткерлерді депутаттар бекітуі тиіс. БАҚ-тың жазуынша, Пашинянға кабинет жасақтау қиын болмайды, себебі оның жақтастары жаңа парламенттегі орындардың үштен екісіне ие.
Дүйсенбі күні оппозиция өкілдері парламент отырысына «саяси тұтқындар» деген жазуы бар майка киіп келген. Олардың киімінде өкілетін асыра пайдаланды деп айыпталған оппозиционерлердің суреті болған. Басқарушы партия өкілдері оларды саяси себеппен қудалап отыр деп санайды.
Арменияда кезектен тыс парламент сайлауы маусым айында өткен. Елде Таулы Қарабақ бойынша Әзербайжанмен жасалған келісімге байланысты саяси дағдарыс туындап, нәтижесінде сайлау белгіленген еді. Пашинянның қарсыластары оны мемлекет мүддесіне қайшы келісім жасасты деп кінәлайды. Былтыр қарашада жасалған атысты тоқтату туралы келісімнен кейін елде премьерге қарсы наразылық тұтанған. Пашинян жақтастары Арменияның ұтылуына бұрынғы басшылар атап айтқанда бұрынғы президенттер Роберт Кочарян мен Серж Саргсян да кінәлі деп санайды.
newstaraz.kz