Politico: АҚШ Украинаға алыс қашықтыққа атқылайтын реактивті системаларды беруді қаламайды
АҚШ билігі Украинаға алыс қашықтыққа атқылайтын жоғарғы деңгейдегі реактивті системаларды беруді қаламайды. Бұл туралы Politico журналы дереккөзіне сүйеніп, хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, Вашингтон украин тарап ол системалармен Ресей аумағына соққы жасап, жанжал одан сайын өршіп кетуі мүмкін деп қауіптенеді.
Басылым атап өткендей, әңгіме 300 шақырым қашықтыққа атқылайтын заманауи америкалық HIMARS системалары жөнінде болып отыр. Киев бұл системалар Ресейдің ауыр артиллериясына үстемдік етуге мүмкіндік береді деп есептеп, осы қару-жарақты сұрап отыр.
Украинаға HIMARS және осы секілді өзге системаларды беру мәселесі сәуірдің соңында АҚШ-тың Германиядағы Рамштайн базасында 40-қа жуық елдің қатысуымен талқыланған.
Басылым АҚШ Украинаға одақтастарының қоймасында сақталып жатқан советтік ескі зымыран жүйелерін бергенін, бірақ Киев заманауи қару-жарақты сұрап отырғанын жазады.
Апта басында Украинаға заманауи зымыран артиллериясын беру мүмкіндігі жөнінде Пентагонның ресми өкілі пікір білдірген. Ол Киевке HIMARS системаларын жеткізу бойынша Вашингтонның жоспарын растағанын да, терістегенін де айтпады.
Ресей Украинаға басып кіргелі бері АҚШ Киевке 4 млрд доллар көлемінде әскери көмек берді.
Мәскеу батыс елдерінің Украинаға қару жеткізгенін сынға алып, бұл келісімге келуге кедергі болып жатқанын айтып келеді.
newstaraz.kz