Путин Балиде өтетін G20 саммитіне бармайды
Ресей президенті Владимир Путин Индонезиядағы Бали аралында 15-16 қарашада өтетін «20 топ» саммитіне қатыспайды. Бұл туралы Reuters агенттігіне бейсенбі күні Индонезия үкіметінің өкілі хабарлады.
Мәліметті Ресейдің осы елдегі елшілігі растады. Дегенмен қос тарап Путиннің саммит аясындағы кездесулердің біріне онлайн форматта қатысуы мүмкін екенін айтты.
Саммитке Ресей атынан сыртқы істер министрі Сергей Лавров қатысады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ТАСС агенттігіне хабарлады.
Биыл шілде айында G20 сыртқы істер министрлерінің конференциясында Сергей Лавров оқшауланып, кездесуді уақытынан бұрын үзуге мәжбүр болған.
Бұның алдында Индонезия билігі басқа елдердің қысымына тап болса да, саммитке Ресейді шақырудан бас тартпайтынын мәлімдеген.
Украина президенті Владимир Зеленский 3 қарашада саммитке Владимир Путин қатысса, Балиге бармайтынын мәлімдеген. Алайда 8 қарашада Киев Зеленскийдің саммитке «қандайда бір форматпен», бәлкім онлайн қатысуы мүмкін екенін растады.
G20 саммитіне АҚШ президенті Джо Байден мен Қытай басшысы Си Цзиньпин қатысады. Бұның алдында Байден Украинадағы жанжалды реттеу мәселесін көтеруге уәде берген.
newstaraz.kz