Путин: Украина НАТО-ға қабылданбауы тиіс, себебі олар Қырымды әскери жолмен қайтарып алғысы келеді
Ресей президенті Владимир Путин Кремльде Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанмен кездесуден кейін өткізілген баспасөз мәслихаты кезінде Украина НАТО-ға қабылданбауы тиіс, себебі олар Қырымды «әскери жолмен» қайтарып алғысы келеді деп мәлімдеді.
«Украинаны НАТО-ға қабылдау керек дейді. Украинаның доктриналық құжатында олар Қырымды әскери жолмен қайтарып алғысы келетіні жазылған. Ойлап көрейік, Украина НАТО мүшесі, Қырымға операция бастайды (Донбасс туралы айтпай-ақ қояйын). Бұл Ресейдің егеменді аймағы. Біз енді НАТО блогымен соғысуымыз керек пе? Осыны кімде-кім ойланды ма? Меніңше, жоқ»,- деді Путин (РБК жариялаған сілтемеден алынды).
Путин АҚШ Ресейдің қауіпсіздік кепілдігі бойынша алаңдаушылығын елемей, басты үш талабына да нақты жауап бермеді дейді. Ол талаптар: НАТО-ны кеңейтуге жол бермеу, орыс шекарасына жақын аймаққа қарсы соққы беретін әскер орналастырмау және Еуропадағы әскери құрылым бөлігін 1997 жылдағы жағдайға әкелу.
АҚШ алдында Кремльдің талабына жауап берген.
«Құжат Путиннің қолында бар. Біз оның жауабын күтеміз, – деп мәлімдеген АҚШ мемлекеттік хатшысы Блинкен. – Мәселе, Путиннің қандай жолды таңдайтынында: конструктивті жолды ма, әлде ұжымдық қауіпсіздікті ме? Болмаса Украинаға қарсы жаңа агрессияны таңдай ма? Біз бәріне дайынбыз».
«НАТО елдерді еркін таңдауға жол беру құқығына сілтейді. Бірақ басқаларды пайдаланып, өзгенің қауіпсіздігін бекіту дұрыс емес», – деді Путин.
Ол Батыс Ресейге Альянсты бір дюймға да кеңейтпейміз деп уәде берген дейді.
«Бірін айтты, бірақ екіншісін істеді. Енді НАТО Польшада, Румынияда, Балтық елдерінде. Біздіңше айтқандай, алдады, лақтырып кетті. Сосын АҚШ зымыранға қарсы қорғаныс келісімінен шығып кетті. Енді қорғаныс құрылымдарын Румынияға орнатты. Жақын арада Польшаға қоймақ. Ол жаққа «Томагавки» зымыранға қарсы қорғану құрылымын орнатып жатыр. Бұл біз үшін қауіп емес немене?» – деді Путин.
Ресей мен АҚШ, сонымен бірге Ресей және НАТО 10-13 қаңтарда Женева, Брюссель және Венада өткен келіссөздерде ортақ шешімге келе алмады.
НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг «НАТО қандай бір компромисске бармайды» деп мәлімдеді.
26 қаңтарда Ресей сыртқы істер министрлігіне Мәскеудің қауіпсіздік кепілдігі бойынша талабына байланысты АҚШ-тан жауап келген. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің сөзінше, хатта Украинаға әскери күштерді орнатуға байланысты ашықтықты қамтамасыз етуде өзара ашықтық шараларын қолдану мүмкіндігі айтылған.
Ол АҚШ дипломатиялық іс-әрекетке және ашық диалогқа дайын екенін жеткізді. Енді жауап Ресейде, оның қай жолды таңдайтынында деп атап өткен Блинкен.
newstaraz.kz