Ресей арнайы қызметі The Wall Street Journal тілшісін тыңшылық күдігімен ұстағанын хабарлады
Ресейдің Федерациялық қауіпсіздік қызметі америкалық The Wall Street Journal басылымының тілшісі Эван Гершковичті тыңшылық күдігімен ұстағанын хабарлады.
Ресей арнайы қызметінің хабарлауынша, журналист «АҚШ-тың тапсырмасымен Ресейдегі әскери-өнеркәсіп кешеніне қарасты бір кәсіпорын туралы мәлімет жинаған».
30 наурызда сәл ертерек Ресейдің Екатеринбург қаласында «Вагнер» әскери компаниясы туралы мақала әзірлеген журналист жоғалып кеткені туралы хабар тараған. 29 наурызда қала орталығындағы Bukowski Grill мейрамханасында жай киім киген адамдар бір ер адамды басына қап кигізіп, ұстағаны жөнінде ақпарат болған. Ұсталған адам Гершкович болуы мүмкін деген болжам бар.
30 наурызда таңертең Ресейдің Свердлов облысы губернаторының Telegram-дағы бейресми арнасы «Кеше Екатеринбургте The Wall Street Journal тілшісі Эван Гершкович ұсталды. Жағдай ауыр» деп жазған. Ақпарат құралы әзірге бұл жаңалыққа қатысты түсініктеме берген жоқ.
newstaraz.kz