Ресей мен Тәжікстан мигранттарды зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі келісімге қол қояды
Еңбек мигранттарын зейнетақымен қамтамасыз ету туралы Ресей және Тәжікстан арасындағы келісімге биыл жыл соңында қол қойылады. Бұл туралы Тәжікстанның еңбек, миграция және халықты жұмыспен қамту министрі Ширин Амонзода мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл келісім Ресейде жұмыс істеп, зейнетақы қорына ақша аударып жүрген тәжік азаматтары алатын зейнетақының көлемін реттейді.
Әзірге келісім туралы кең мәлімет берілмеді. Бірақ бірқатар дереккөздің мәліметінше, құжатқа сәйкес жұмыс істеген елде зейнетақы қорына ақша аударған мигранттар отанына қайтып келгеннен кейін зейнетақы ала алады.
Осыған дейін тәжік тарап Ресей мен Тәжікстан үкіметтері еңбек мигранттарын зейнетақымен қамтамасыз ету келісімі бойынша таласты мәселелерді талқылап, бір пікірге келгенін хабарлаған.
27 шілдеде Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин ішкі істер және еңбек министрліктеріне Тәжікстанмен келіссөз жүргізіп, зейнетақы қамтамасыз ету бойынша әріптестік туралы келісімге қол қоюды тапсырған.
newstaraz.kz