Ресей шекарада COVID-19-ға қатысты шектеулердің бәрін алып тастайды
Ресей 15 шілдеден бастап азаматтардың шекарадан өтуіне қатысты шектеулердің бәрін жояды. Мұндай шектеулер 2020 жылғы наурызда коронавирус індетіне байланысты қабылданған.
Теңіз бен әуе жолдарындағы шектеулер 14 маусымда жойылған. Дегенмен Ресей аумағына кіретін шетел азаматтары ПЦР-тест нәтижесін көрсетуі тиіс. Мұндай талап Беларусь азаматтарына ғана жүрмейді.
«Роспотребнадзор» шекарадағы жеңілдікті коронавирус індетінің беті қайтқанымен түсіндірді.
Ресей 30 наурызда Қазақстанмен арадағы мемлекеттік шекарадағы шектеулерді алып тастады. Ал 11 сәуірде Қазақстан билігі Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен арадағы шекара бекеттеріне салынған шектеулерді жойды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы соңғы аптада коронавирустың таралу көрсеткіші 18 пайызға артқанын, әлемде төрт миллионнан астам науқас тіркелгенін хабарлады.
Америкалық Джонс Хопкинс Университетінің дерегінше, 3 шілдеде әлемде коронавирус жұқтырғандар 548 миллион 828 мыңға жетті. Вирус таралған уақыттан бастап 6 миллион 338 519 адам осы кеселден қайтыс болды.
newstaraz.kz