Ресейдегі сот америкалық баскетболшы қызды тоғыз жылға соттады
Мәскеу облысындағы Химки қаласының соты америкалық баскетболшы Бриттни Грайнерді тоғыз жылға соттады. Сот атлетті есірткі тасыды деп таныды.
Грайнер биыл ақпан айында Мәскеудегі Шереметьево әуежайында ұсталды. Оның сөмкесінен вейпке арналған наша майы табылған. Бұл затқа Ресейде тыйым салынған, бірақ АҚШ-тың бірқатар штатында рұқсат етілген.
Грайнер Екатеринбургтегі УГМК баскетбол клубы сапында ойнаған. Ол АҚШ құрамасы сапында екі мәрте Олимпиада чемпионы атанған. АҚШ мамыр айында Грайнерді «заңсыз ұсталды» деп танып, оның ісін президенттің кепілге алынғандар ісі жөніндегі арнайы елшісіне жолдады.
Ресей мен АҚШ Грайнер мен Ресейде сотталған тағы бір америкалық Пол Уиланды Құрама Штаттарда қамауда отырған ресейліктерге айырбастауды талқылап жүр. Вашингтон оларды колумбиялық бүлікшілерге қару сатуға әрекеттенгені үшін 25 жылға сотталған ресейлік Виктор Бутқа айырбастауды ұсынған.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Мәскеу Грайнерді ғана Бутқа немесе екі адамды екі адамға айырбастағысы келеді.
newstaraz.kz