Ресейдің Химки қаласында гипермаркет өртеніп, бір адам мерт болды
«Мега Химки» сауда және ойын-сауық орталығының құрылыс гипермаркеті өртенді. Ол толықтай жанып кетті. Күзетші мерт болды, деп хабарлады ТАСС.
Өртті сөндіруге 141 адам және 47 техника жұмылдырылды. Жергілікті уақытпен таңғы сегізде өрт шарпыған жерлердің 7 мың шаршы метріндегі өрт сөндірілді. Ауданы 5 мың шаршы метр болатын гипермаркет шатыры опырылып түсті.
Бұның алдында «Интерфакс» өрт 15 мың шаршы метрге тарағанын хабарлаған. «112» телеграм-арна мәліметінше, өрт ауданы 17 мың шаршы метрге жеткен.
Ресей төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің баспасөз қызметі өртті сөндіру үшін аваиция көмегіне жүгінетінін мәлімдеген. Өртке күрделілігіне қарай бөлінетін бес түрлі бағаның төртінші деңгейі берілген.
Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің ТАСС агенттігіне хабарлауынша, өртенген құрылыс гипермаркетінде жарылыс болып, одан соң ғимарат қирай бастаған.
Телеграм-арналарда жарияланған видеоларда гипермаркет аумағында бірнеше дүркін жарылыс болғанын көруге болады. Мамандардың айтуынша, құрылыс материалдары бөліміндегі аэрозолдер мен бояу құтылары жарылған.
newstaraz.kz