Рим Папасы Франциск қыркүйекте Қазақстанға келеді
Рим Папасы Франциск Әлем және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысу үшін Қазақстанға келеді. Шара 13-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда жоспарланған.
Съезд кезінде Рим Папасы Орыс православия шіркеуінің патриархы Кириллмен кездеспек.
Рим Папасы Францисктің патриарх Кириллден айырмашылығы Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптаған. 16 наурызда олар 20 минөттей телефон арқылы сөйлескен. Алайда екі христиан конфессиясының өкілі тіл табыса алмады. Рим Папасы италиялық Corriere della sera газетіне сұқбат берген кезде, «Кирилл соғысты ақтаған кезде, қағазға қарап оқып тұрды» деген.
«Бауырым, біз саясат тілін қолданатын мемлекеттік саясаткер емеспіз, біз тек Иса пайғамбар тілін ғана қолданамыз. Біз ол үшін бейбітшілік жолын іздеуіміз керек, біз соғысты тоқтату үшін бар мүмкіндікті жасауымыз керек» деген.
Ресей шабуылының алғашқы күні Рим папасы Франциск Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, сол күні ол Ресей елшісіне барып, Владимир Путиннің соғысты тоқтатуын сұраған. Ол тіптен Мәскеуге баруға дайын екенін де айтқан.
Әлем және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі 19 жыл бұрын тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткен. Содан бері бұл шара әр үш жыл сайын өтіп тұрады.
newstaraz.kz