Рим папасы Украина жөніндегі құпия миссияға қатысқанын айтты
Рим папасы Франциск Ватиканның Украина төңірегіндегі жанжалды аяқтауды көздейтін бітімгершілік миссиясына қатысқанын хабарлады.
«Миссия аясында жұмыс жүріп жатыр, бірақ оның жәй-жапсарын көпшілікке хабарлай алмаймын», — дейді понтифик. Рим папасы уақыты келгенде оның қандай миссия екенін айтуға уәде берді. Бұған қоса, ол Ресей басып алған жерлерінен әкеткен украин балаларын елге қайтаруға көмектескісі келетінін мәлімдеді.
Бейбітшілік миссиясы туралы Франциск Венгриядан ұшақпен Ватиканға қайтып бара жатқан жолда журналистерге баяндап берді. Рим папасы үш күн Венгрияда болған. «Мен бейбітшілікке байланыс арналарын ашу арқылы ғана жетуге болады деп ойлаймын. Байланыс болмаған жерде бейбітшілік орнамайды. Оған жету оңай емес», — дейді понтифик.
Ресей 2022 жылғы ақпанда Украина аумағына басып кіргелі бері Франциск апта сайын әлемді бейбітшілікке үндеп, Киев пен Мәскеу арасында арағайын болғысы келетінін айтқан, бірақ оның ұсыныстарынан нәтиже шыға қоймаған.
86 жастағы понтифик бұның алдында Киев пен Мәскеуге бейбітшілік орнату үшін барғысы келетінін мәлімдеген.
newstaraz.kz