Ақымызды жемеңдер! Елордадағы саяжай тұрғындары осындай ұранмен қалалық әкімдік алдына жиналды. Бас қаланың билігі осыған дейін 115 саяжайды сүріп, орнына теміржол ауруханасын салу туралы шешім шығарған. Алайда бағалаушы компания 7 мың тұрғынның жеріне түкке тұрғысыз соманы белгілепті. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Жерімізді жоғары бағалаңыздар! Жер ескірмейді, ол көлік емес. Жер еш уақытта құнын жоймайды. Бәріміздің мұңымыз бір».
Мұң біреу болғанмен, шешілмей тұрған мәселе шаш етектен. «Үйлерің сүріледі!» деген суыт хабардан салы суға кеткен жұрт өтемақы сомасын естіп, есеңгіреп қалғандарын айтады. Қаладан пәтер алып беруге уәде еткендер сөздерінен тайқып кетті, дейді.
ДИНАРА ШАЙЛАЗИМОВА, САЯЖАЙ ТҰРҒЫНЫ:
«Бізге айтылған инвесторлармен тұрғындардың өздері сөйлеседі. Шешімді бірігіп шығарасыздар деп. Достойный компенсация алып кетесіздер. Пәтер десе пәтер, жүйелі бағаға, қаланың ішінде тұра алатындай. Себебі біз астананың перспективасын көтеру үшін кезінде саяжайларға тіркелуге рұқсат алып едік қой. Ал енді астананың перспективасы көтерілген кезде қарапайым халық далада қалғалы тұр».
«Балансқа енгізілмеген» деген желеумен назардан тыс қалып келген саяжайға тұрғындар жарықты да, жолды да өз күштерімен жасап алған. Жағдайымыз енді түзелді ме дегенде, далада қалатын түріміз бар, дейді олар.
«Құрметті оценщик мырза, чиновниктардың дачасы неге 120 млн тұрады соған жауап беріңізші. Олардың бақшасында бриллиант өседі ма? Қарапайым халықтікі 2 млн болады. Қолымда дәлел болғаннан кейін соны айтып тұрмын».
Бағалаушы компания жұмысын енді ғана бастады деп отыр әкімдіктегілер. Нақты шешім шығарылмаған. Бас қаланың 20 жылдық тәжірибесіне сүйенген қала әкімінің орынбасары, бұл жолы да тұрғындардың тілін табарына сенімді.
НҰРЛАН НҰРКЕНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«20 жылда қаншама тұрғын үй, гараж сүрілді. Олардың барлығымен келісімге келдік. Иа, наразы болғандар да жоқ емес. Бірақ бұл әлі нақты шешім емес. Бағалаушы компанияның өкілі барлық үйге жеке-жеке кіріп, қарап шығады. Өзінің ұсынысын дайындайды. Егжей-тегжейлі тексереді. Өз қолымен барлығын жазып шығып, соңында бағасын айтады».
«Бір дворда 3 семья тұрамыз біз. Күйеу балам, өзім, құда балам үшеуміз. Мына арада жалғызбасты әйелдер, ертең сүріп тастаса қай жаққа барамыз біз. Қайдан келдің сонда кет дейді. Қандай әкесінің қақысы бар олай айтатын?!»
Қақысы жоқ болғанмен, талабы бар әкімдіктің. Енді «Полянка», «Зеленая роща 1», «Зеленая роща 2», «Строитель СМП» саяжайларынан 15 адамдық бастамашыл топ құрылады. Екі тарап солай ғана келісімге келмек. «Тұрғындардың қалауынсыз бірде-бір үйдің бұтағы бұзылмайды» деп уәдесін берді әкімнің орынбасары.
НҰРЛАН НҰРКЕНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Пока не договоримся на снос никто не зайдет. Это я гарантирую. На улице никто не останется».
Саяжайдағы 150 үйдің 50-ге жуығы белгіленген өтемақыға разылығын білдіріпті. Ал қалған наразы топпен көктемге дейін келісім жұмыстары жалғасады. Ымыраға келе алмаған жағдайда, іс соттың қарауымен шешілмек.
newstaraz.kz