Шойгу әскери салаға реформа жүргізіп, сарбаздар санын көбейтетінін мәлімдеді
Алдағы үш жылда Ресей әскерінің саны бір жарым миллионға дейін көбейеді. Осылай деп Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу мәлімдеді.
Ресми мәлімет бойынша, қазір орыс әскерінің саны бір миллион. Тағы екі миллион адам резервте тұр.
Ресей қорғаныс саласына реформа жүргізіп, Карелияда әскери корпус құрмақшы. Сонымен бірге Мәскеу және Ленинград әскери округын ашпақ.
Бұдан бөлек құрлық әскері құрамынан үш бірдей мотоатқыштар дивизиясын және әуе десанттық әскерінен екі десанттық шабуылдау дивизиясын құрмақшы.
Ресей қорғаныс министрлігі таратқан мәліметте келісім-шарт бойынша келетін әскерилерге де ерекше көңіл бөлінетіні айтылған.
Ресей қорғаныс министрінің бұл салада реформа жүргізіледі деген мәлімдемесі Украинада жүріп жатқан соғыс жағдайында айтылды. Ресми мәлімет бойынша, былтыр күзде жарияланған мобилизация кезінде 300 мың ресейлік әскерге шақырылған.
newstaraz.kz