Новости на Newstaraz.

Шымкенттік ұстаз футболшылардың миллиондаған жалақысын мұғалімдерге беруге шақырды

0

Көрнекі сурет: otyrar.kz

Соңғы кездері мұғалімдердің жалақысын көбейту туралы жиі айтылып жүр. Тіпті парламенттің бір депутаты да ұстаздарға ай сайын 350 мың теңгеден төлесек артықтық етпейді деген пікір білдіріп қалды.

Шымкент қаласындағы политехникалық колледждің ұстазы Қайрат Омаров депутаттарға арнаған хатын жолдады. Ол  екі беттік хатта өз ойын білдірген деп жазады Замана басылымы.

«Дүниеде мыңдаған мамандық түрі бар. Сол мамандықтар ішінде адамды тәрбиелеумен қатар білім нәрімен сусындандыру – ең жауапты іс болып саналады. Барша жұмыстың ішінде қиын да құрметтісі – ұрпақ тәрбиесі. Жас ұрпақтың бойына адамзаттың ұлы қасиеттерін дарытудан артық қызмет болмаса керек. Уақыт өте келе елімізде жағдай жақсарып, бүгінде білім мекемелеріндегілер өз жалақысын уақтылы алып жүр. Бірақ сол еңбекақылары тым аз.

Мұғалім­дердің әрқайсысының жеке уайымдары бар. Бұл – несие. Қазіргі мұғалімдердің жалақысы 60 – 70 мың теңге шамасында.

Ал еліміздегі футболшылардың жалақысы өте жоғары. Жағдайлары да жасалған. Олардың алдына қойған мақсаты – тек жеңімпаз болу. Шет мемлекеттерде стадионнан ине шаншар орын таба алмайсың. Ал бізде ше? 5-6 мың ғана жанкүйерлер болмаса, стадиондарымыз бос, қаңырап тұрады. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары елімізде пайда болған футбол осы уақытқа дейін сол деңгейде қалып келеді. Ең сорақысы, бұл салаға миллиардтаған қаржы кетіп жатыр», — деп жазады ашынған автор.

Жанкүйер ретінде елімізде спорттың дамығанын қалайтын ұстаз бұл салаға тым көп ақша шашпауды ұсынды.

«Еліміздегі «Ақтөбе» футбол клубы 2015-жылы шеттен келген 4 легионер ойыншысының әрқайсысына ай сайын 60 мың АҚШ долларын төлеп отырса, «Шахтер» командасының жаттықтырушысы да өзінің еңбегін сондай бағаға лайықты деп есептейді екен. Бұған ұтыс болған жағдайдағы үлкен көлемдегі сыйақыны қоссаңыз, футболшылардың табысынан басыңыз айналары анық.

Ал Шымкенттің «Ордабасы» командасына қазынадан бір жылға 3 миллиард теңге бөлінген. Енді салыстырмалы түрде қарасақ, 120 мұғалімі бар мектепке бюджеттен 92 миллион теңге аударылады.

Демек, «Ордабасы» үшін бір жылға қарастырылған қаржыға 33 мектептің мұғалімдерін толық жалақымен қамтамасыз етуге болады.

Биылғы мәліметке сүйенсек, «Ақтөбе» футбол клубы Алексей Щеткинге ай сайын 9 миллион теңге, Самат Смақовқа бір айда 6 миллион теңге жалақы төлеп отырған.

Бұл дегеніміз – мектептегі 120 мұғалімнің бір айлық жалақысы. Егер бұл командалар ел чемпионы атанып, халықаралық жарыстарда топ жарса оған еш өкінбес едік. Ешқандай нәтиже жоқ қой. Чемпион болу былай тұрсын, алғашқы үштікке іліне алмай жүрген командаларға осыншама қаржы жұмсау кімге және не үшін керек?

Ойланып қараңызшы, мұғалім мен доп тебушінің жалақысындағы айырмашылық жер мен көктей емес пе? Бүгінгі жас ұрпақтың болашағына елеңдеп, сол ұрпақты дұрыс жолдан адас­тырмау үшін бүкіл өмірін осы қызметке арнаған ұстаздың мәртебесі неге футболшыдан төмен болуы керек?, — деген колледж мұғалімі өз жанайқайына депутаттар құлақ түрсе деп армандайды.

Вам также могут понравиться

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.