Түркия парламенті Финляндияны НАТО-ға алуға келісті
Түркия парламенті 30 наурызда Финляндияны НАТО-ға алу туралы хаттаманы мақұлдады. Хаттамаға бірде-бір депутат қарсы дауыс берген жоқ.
Түркия – әскери одаққа мүше 30 ел арасында Финляндияның НАТО-ға мүше болып кіруін соңғы мақұлдаған ел. Бұған дейін Венгрия парламенті де осыған ұқсас құжатты қолдаған.
Финляндия Солтүстікатлантикалық одаққа кіру үшін қажет құжаттардың барлығын рәсімдеп, мақұлдап қойған. Енді ол шілдеде Литвада өтетін саммитте ресми түрде НАТО-ға мүше болуы мүмкін.
Ал былтыр Финляндиямен қатар НАТО-ға мүше болуға өтініш берген Швецияның жағдайы әзірге белгісіз. Венгрия мен Түркия бірқатар шарт қойып, Швецияны әскери одақ құрамына алу туралы хаттаманы әлі мақұлдаған жоқ. Түркия швед билігін күрд белсенділерін беруге қатысты келісімдерді орындамады деп айыптаған.
Екінші дүниежүзілік соғыстан бері бейтараптық саясатын ұстанып келген Финляндия былтыр Ресей Украинаға басып кірген кезде бейтараптықтан бас тартқан. Ресеймен шектесетін ел өзінің қауіпсіздігіне НАТО-ға мүшелік қана кепіл бола алады деп есептейді.
newstaraz.kz