Түркімен балабақшаларында мультфильмді орыс тілінде көрсетуге тыйым салынды
Түркіменстандағы кейбір балабақшада орыс тілінде мультфильм көрсетуге тыйым салыды. Бұл туралы Азатлык тілшісіне білім беру саласының бір қызметкері айтқан.
Лебап уәлаятындағы үш балабақшада бірнеше тәрбиеші балаларға орыс тілінде мультфильм көрсеткені үшін жұмыстан шығарылған.
Білім саласының бір қызметкерінің айтуынша, жақында Ашғабаттан келген инспекторлар аймақтардағы білім мекемелерін тексерген.
«Инспекторлар тәрбиешілерді балаларға орыс тілінде мультфильм көрсетті деп айыптап, оларды жұмыстан шығарды. Бақша басшылары қатаң сөгіс естіді», — дейді ол.
Ашғабаттан келген инспекторлар балабақшаларда түркімен тілінде ғана мультфильм көрсету керек деп айтқан.
Инспекторлар бастауыш мектептердегі оқушылардың дәптерлерін тексеріп, шетел фильмдері кейіпкерлерінің суреті бар дәптерлерді ауыстыруын талап еткен.
«Мұқабада дәптер сөзі орысша жазылып тұрса, оны да пайдалануға болмайды», дейді білім беру мекемесінің қызметкері.
Азатлык тілшісінің хабарлауынша, Түркіменстанда вокзалдарда, әуежайларда, сонымен бірге көліктерде орыс тіліндегі хабарландырулар мен нұсқауларды алып тастап жатыр. «Екі тілде жазылған хабарландырулар да жойылады. Енді бәрі түркімен тілінде жазылады», деп хабарлады тілші.
newstaraz.kz