Түркімен билігі шаруаларға піспеген егін жинауға мәжбүрлеп жатыр
Түркіменстанда маусым айының басында егін жинау науқаны ресми түрде басталады. Азаттық радиосы Түркімен қызметінің Мары уәлаятындағы тілшісінің хабарлауынша, аймақтағы кейбір егістікке астық жинау басталып кетті.
«Мары уәлаятының Мургап этрапында диқан бірлестіктерінің кейбірі егін жинауға кірісіп кетті», деп хабарлады Азатлык радиосының аймақтағы тілшісі. Бірақ жергілікті шаруалар егін пісіп үлгермеді деп отыр.
«Егін жинап жүрміз, бірақ ол әлі піскен жоқ. Астық шикі болғандықтан қабылдау пунктерінде астық салмағын азайтып көрсетіп отыр», дейді жергілікті шаруалардың бірі.
Соған байланысты дихандар егістікке комбайн түсіруге қарсы шығып жатыр.
«Ауыл советінің төрағасына егістігіме комбайн түсірмеймін деп айттым. Өйткені былтыр да мен алты тонна астық жинадым, бірақ қабылдау пунктінде екі тонна кем жазған. Астық піссін, сосын жинаймын дедім. Бірақ төраға құрғаған дәнді құс жеп қояды дейді. Бірақ мәселені ол емес, әкімшілік шешеді екен», деді Мары облысындағы шаруа.
13 мамырда Түркіменстан президенті Сердар Бердымұхамедов биылғы астық жинау науқанын ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғанын жариялады.
Түркімен билігі биыл 1 миллион 400 мың тонна астық жинауды жоспарлап отыр.
Бұған дейінгі жылдары үкімет астық жоспары артығымен орындалғаны туралы есеп берген, бірақ соған қарамастан халық бірнеше жылдан бері ұн мен нан тапшылығын тартып келеді.
newstaraz.kz