Түркіменстан астанасы шетел жұмысшылары үшін ең қымбат қала деп танылды
Америкалық Mercer консалтинг компаниясының рейтингінде Ашғабад шетел жұмысшылары үшін әлемдегі ең қымбат қала деп көрсетілді.
Былтыр бұл рейтингте түркімен астанасы екінші орында болған. Елдегі дағдарыстың тереңдеуі қала өмірін одан сайын қымбаттатқан.
Рейтингке 209 қала кірді. Компания бұл тізімді дайындағанда баспана, көлік, азық-түлік, сонымен бірге тағы 200 тауар мен қызмет бағасын ескерген.
Гонконг, Бейрут, Токио және Цюрих қалалары да алғашқы бестіктен табылды. Бейрут бір жылдың ішінде 45-орыннан үшіншіге көтерілген. Mercer бұны Ливандағы экономикалық дағдарыстың тереңдеуімен түсіндірген. Бұған коронавирус пандемиясы мен 2020 жылғы тамызда Бейрут портында болған жойқын жарылыс түрткі болған.
newstaraz.kz