Түркіменстанда жаңа президентті мадақтауға арналған өлеңдерге байқау жарияланды
Түркіменстан билігі жаңа президент Сердар Бердімұхамедовтен жаңа культ жасауға барынша тырысып жатыр. Мәселен, Балқан уәлаятында мемлекет басшысына арналған ода өлеңдерге байқау жарияланды.
Жеңімпаздарға үлкен сыйлық беріледі деп уәде етіп отыр дейді Азатлык радиосының батыс өңіріндегі тілшісі.
Бұл жайында тілшіге хабарлаған бюджеттік мекеме қызметкері жергілікті білім және мәдениет басқармасы ұйымдастырып отырғанын айтқан.
«Жергілікті билік уәлаят ақындарына үміт артып отыр. Олар ұнаған өлеңге ән жазып, республика деңгейінде хит жасауға уәде етіп отыр. Осылай президент алдында өңірдің беделін көтергісі келеді»,- дейді аты-жөнін жасырған білім саласының қызметкері.
Таяуда ғана бұл өңірге ресми сапармен барған президент жаңа аурухананың тұсауын кескен. Дереккөздің айтуынша, сол кезде жаңа басшыға өзін қошеметпен күтіп алу деңгейі ұнамаған көрінеді. Енді жергілікті билік соның орнын жабу үшін, президентті мадақтауға арналған жыр байқауын өткізіп жатыр.
Биыл Түркіменстанда наурыз айында кезектен тыс «президент сайлауы өтіп», Гурбангулы Бердімұхамедов өзінің орнын 40 жастағы ұлына қалдырып кеткен.
newstaraz.kz