Түркия мен Сириядағы зілзала құрбандары 21 мыңнан асты
Түркияда 6 ақпанға қараған түні болған зілзала құрбандары 18 мыңнан асты. Бұл туралы 10 ақпанда елдің вице-президенті Фуат Октай хабарлады.
Зілзаладан 18 342 адам қаза болды, 74 242 адам зардап шекті. 6444 ғимарат құлады.
Сирияда кем дегенде 3480 адам қайтыс болды, деп хабарлады Reuters. Агенттік Башар Асад билігі мен бүлікшілердің төтенше қызметінің мәліметіне сүйенді. Сириядағы мемлекеттік БАҚ 298 мыңнан астам адам үйсіз қалғанын хабарлады.
Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, зілзала Түркия мен Сирияда 23 млн адамға, соның ішінде 1,4 млн балаға әсер етті.
Түркиядағы зілзала 6 ақпанға қараған түні болды. Дүмпу ошағы Кахраманмараш провинциясында, Газиантеп қаласынан 30 шақырым жерде болған. Дүмпу қуаты 7,8 балл болған. Оны Түркияға көршілес Ливан, Армения, Сирия тұрғындары сезді.
AFAD мәліметінше, алғашқы жер сілкінісінен соң тағы 435 жер асты дүмпуі тіркелген. Солардың ең қуаттысы 6 ақпанда күндіз Эльбистанда болған. Оның қуаты 7,6 балл деп бағаланған.
Түркияда алты мыңға жуық ғимарат қирады. Республикада 12 ақпанға дейін аза тұту күндері жарияланды. Он провинция үш ай бойы төтенше жағдайда өмір сүреді.
newstaraz.kz