Түркия прокуроры Орхан Инандыға 22,5 жыл түрме жазасын сұрады
Анкара прокуратурасы Қырғызстандағы «Сапат» білім беру мекемелерінің негізін қалаушы Орхан Инандыны 15 жылдан 22,5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы «Анадолу» ақпарат агенттігі хабарлады.
Басылым мәліметі бойынша, Инанды «қарулы террорлық ұйым басқаруға» айыпталып, прокуратура айыптау қорытындысын сотқа тапсырған.
Инанды көп жылдан бері Қырғызстанда тұрып, 2012 жылы азаматтық алған. Ол биыл 1 маусымда Бішкекте жоғалып кеткен. 5 шілдеде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған арнайы қызмет өкілдері оны Анкараға алып келгенін хабарлады.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Орхан Инандыны қайтаруды Анкарадан талап ететінін мәлімдеген. Ал Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Камчыбек Ташиев Орхан Инанды қырғыз азаматтығын алған кезде, түрік азаматтығынан бас тартпағанын жеткізген.
newstaraz.kz