Тәліптер адам өлтіргендер мен есірткі тасымалдағандарды түрмеден босатты
Ауғанстанның құлатылған үкіметі тұсында жұмыс істеген прокурорлар өмірі үшін алаңдайды. Олар түрмеден босатылған қылмыскерлер кек алады дейді.
Қазір экс-прокурорлар бас сауғалап жүр. Оларды тәліптер түрмеден босатқан адамдар іздеп жүр. Елді басып алған «Талибан» қозғалысы барлық түрмедегі тұтқындарды босатқан.
Азаттық радиосының ауған қызметіне Ауғанстандағы адвокаттар түрмедегі тұтқындарды босатқан күні үш прокурор өлтірілгенін жеткізген.
«Талибан» қозғалысы тұтқындар ешкімнен кек алмайды деп мәлімдеген. Бірақ бұрынғы шенеуніктердің өліміне тәліптер ешқандай пікір білдірмеді.
Кабулда осыған дейін прокурор болып жұмыс істеген Жәмила (аты-жөні өзгертілген) есімді әйел қазір елден кетуге әрекет жасап жатқанын айтады.
«Ақпарат құралдары біздің үнімізді әлемге жеткізсе екен деймін. Халықаралық қауымдастық бізді шығарып алуға қол ұшын беруі керек», — дейді ол.
Ұлыбритания бірқатар сот және прокуратура қызметкерлерін Ауғанстаннан шығарып алған.
newstaraz.kz