Тәжік билігі Жалпы ішкі өнім өсімі былтыр 9% болғанын жариялады (видео)
Тәжікстан билігі 2021 жылы Жалпы ішкі өнім өскенін жариялады. Үкімет басшысының мәлімдеуінше, әлем елдері пандемия салдарынан экономикалық тоқырауға тап болса, Тәжікстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі былтыр 9 пайыздан асқан. Тәуелсіз сарапшылар болса бұған күмәнмен қарап отыр.
Тәжікстан билігі елдің Жалпы ішкі өнімі 2021 жылы 98 миллиард 900 миллион сомони (шамамен 8 млрд 730 млн доллар) болғанын жариялады. ЖІӨ бір жылда 9,2 пайызға өскен. Үкімет былтыр электр энергиясын өндіру көрсеткіші 4,3 пайызға жақсарғанын хабарлады.
Билік есебінде қанша жаңа кәсіпорын ашылғаны туралы мәліметтер берілді, бірақ қаншауы жабылғаны жөнінде ештеңе айтылмады.
Экономист Елена Кузьминаның айтуынша, нақты анализ жасау үшін үкімет келтірген мәліметтер жеткіліксіз. Сарапшы Тәжікстанда инфляция 8%, болғанын ескертіп, бұның өзі ЖІӨ өсімін «жеп қойғанын» айтты. Тәжікстанда азық-түлік пен басқа да тауарлардың бағасы бірнеше ай бойы үздіксіз көтерілді.
«Тоғыз пайыз – өте үлкен көрсеткіш. Бұның азаматтардың бәрі сезуі тиіс еді», – дейді Кузьмина. Оның айтуынша, Тәжікстан тұрғындары, өкінішке орай, мұндай ғажайып өсімді сезе алмаған.
newstaraz.kz