Тәжікстан билігі солтүстіктегі мақта зауытына өрт әдейі қойылған деп есептейді
Тәжікстанның Матчин ауданындағы мақта тазалаушы «Музаффар Ко» зауытына арнайы өрт қойылған. Бұл туралы жергілікті өрт сөндіру қызметінің басшысы Неъмат Идизода мәлімдеді.
Оның сөзінше, аудандық прокуратура бұл факт бойынша «Мүлікке әдейі өрт қою» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Әзірге күдікті ретінде ешкім ұсталмады. Бұл бапта кінәлі адамдарға 24 мың сомониден 54 мың сомониге дейінгі көлемде айыппұл төлету және бес жылға дейінгі мерзімге еркінен ажырату жазасы қарастырылған.
Идизода 25 қарашада шыққан өрттен «Музаффар Ко» компаниясы 46 миллион сомониге шығындалғанын айтты. Өрттен бір тоннадан астам мақта күйіп кеткен.
Muzaffar Co – Тәжікстанның солтүстігіндегі мақта тазалаушы ең ірі кәсіпорынның бірі болып есептеледі. Ол жергілікті кәсіпкер Салим Мирзоевке тиесілі.
newstaraz.kz