Тәжікстан «Док-1 Макс» пен «Амбронол» шәрбаттарын сатуға тыйым салды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Marion Biotech үнді компаниясы шығаратын «Док-1 Макс» пен «Амбронол» шәрбаттарын сапа стандартына сай емес дәрілер тізіміне қосты.
Мұндай препараттарды ДДСҰ-ға мүше мемлекеттер аумағында сатуға, пайдалануға тыйым салынды.
Ұйымның 11 қаңтардағы мәлімдемесінде айтылғандай, Өзбекстандағы зертханада жүргізілген сараптама препараттар құрамында диэтиленгликоль мен этиленгликоль мөлшерден көп екені анықталған. Мұндай улы заттарды ішкен адам өліп кетуі мүмкін. Өзбекстанда осы шәрбаттарды ішкен 20 бала қайтыс болғаны мәлім.
Тәжікстан билігі жөтелді емдейді делінетін препараттарға шағым түспегенін мәлімдеді, бірақ көрші елдегі жайдайдан соң мұндай шәрбаттарға республика аумағында тыйым салынды.
Ресми мәліметтерге қарағанда, «ДOK-1 Maкс» пен «Амбронол» шәрбаттары кейінгі бес жылда Тәжікстан аумағында сатылмаған. Азаттықтың Тәжік қызметі Душанбе дәріханаларындағы бірнеше провизормен сөйлесті. Олар мұндай препарат сатылмайтынын растады.
23 желтоқсанда Қырғызстан билігі де «Док-1 Макс» перепаратын сатуды тоқтатты. Қазақстан билігі мұндай препарат елде сатылмайтынын, өйткені оның тіркеу уақыты 2018 жылы аяқталғанын мәлімдеді.
Өзбекстан билігінің хабарлауынша, 30 желтоқсанда Marion Biotech үнді компаниясы өндірген дәрілердің барлық түрін сатуға уақытша тыйым салынды.
newstaraz.kz