Тәжікстан ондаған ауған студентін еліне кіргізбей жатыр
Тәжік билігі өлкенің жоғары оқу орындарында оқыған ондаған ауған студентіне Тәжікстанға кіруге рұқсат бермей жатыр.
Озоди радиосымен сөйлескен ауған студенттері Тәжікстанға тамыз айынан бері кіре алмай жатқанын айтады. Олардың көбінің студенттік визаларының мерзімі аяқталған. Бірақ Ауғанстанда мемлекеттік мекемелер жабық тұрғандықтан, олар төлқұжатын алмастырып, жаңа виза ала алмай жатыр.
Тәжікстанның білім министрлігі өздерінің міндеті ауған студенттеріне ыңғайлы және қауіпсіз жағдайда білім алуға жағдай жасау екенін айтты. «Бірақ олардың мемлекеттік шекарадан өту мәселесін шешу біздің міндетімізге жатпайды», — деді мекеме өкілі.
«Талибан» қозғалысы биыл 15 тамызда Ауғанстанның бас қаласы Кабулды басып алып, үкімет күштерімен жүріп жатқан соғыстың аяқталғанын жариялаған. Бірақ «Талибан» қозғалысы құрған билікті әлемнің бірде-бір елі мойындамады. Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстанның ресми өкілдері «Талибан» өкілдерімен жолығып, бірқатары Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберген.
Ал Тәжікстан әзірге тәліптермен келіссөз жүргізуге асықпай отыр. Тәжік президенті Эмомали Рахмон Ауғанстандағы тәжіктердің құқықтары сақталмай жатыр деп тәліптерді бірнеше рет сынға алған. Ал «Талибан» өкілдері Тәжікстанды ішкі мәселелеріне араласпауға шақырған.
newstaraz.kz