Тәжікстанда өкпесі қабынған оқушы мерекеге дайындық кезінде қайтыс болды
Тәжікстандағы Бохтар қаласында сегізінші сынып оқушысы Наурыз мерекесіне дайындық кезінде қайтыс болды.
Шахноза Сафарованың туыстарының айтуынша, марқұмның өкпесі қабынған. 14 наурызда оқушының ыстығы көтерілген, ертесіне ол ауруханада қайтыс болды. Бохтардағы №15 орта мектептегілер Шахноза Наурыз мерекесіне дайындыққа қатысқанын растады. Мұғалімдер оның ауырып жүргенін білмеген.
Хатлон облысындағы Бохтар қаласы Наурыз мерекесіне дайындалып жатыр. Салтанатты шеруге жүздеген адам — оқушылар мен студенттер қатысады. Мерекелік шараға Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысады деп жоспарланған.
Марқұмның немере ағасы Хайдарәлі Сафаровтың Озоди радиосына хабарлауынша, Шахнозаның ауырып жүргеніне бірнеше күн болған. «Біз бұған аса мән бермедік. Сол күні мектепте оның жағдайы ауырлады. Шахнозаны ауруханаға алып бардық. Дәрігерлер 10-12 сағат бойы оны аман алып қалуға тырысты, бірақ одан нәтиже шықпады. Өкпесі суға толған», — деді Хайдарәлі Сафаров.
Тәжікстанда студенттер мен оқушыларды түрлі мәдени шараларға тарту дәстүрі баяғыдан бар. Мерекеге бір ай қалғанда олар Наурыз, Жастар күні, Тәуелсіздік күні, Ұлттық бірлік күні секілді мекерелерге дайындала бастайды. Кейде мұндай мерекелік шерулерге 50-60 мың адам қатысады.
Еске салайық, Тәжікстанның бұрынғы білім және ғылым министрі мұндай шерулердің зияны жоқ деп мәлімдесе, мәдениет министрінің орынбасары жастар шерулерге өз еркімен қатысады деген.
newstaraz.kz