Тәжікстанда бензин қымбаттаған сайын тұрғындар велосипедпен жүруге мәжбүр (видео)
Тәжікстанда жанармай қымбаттаған сайын автокөлік шығындары өсіп барады. Соған байланысты велосипедке ауысқан тәжікстандықтар биліктен қатынас құралының осы түріне жағдай жасауды талап етіп отыр.
Велосипедке арналған жолдар мен тұрақтардың жоқтығынан қалада онымен жүру қиын.
Бахтиёр Мирзоев екі жылдан бері жұмысқа велосипедпен барады. Ол ағылшын тілінен сабақ береді. Мұғалімнің айтуынша, велосипед шығын талап етпейді, онымен қалаған жеріңе уақытында жетуге болады. Мирзоев күніне 20-40 шақырымдай жер жүреді. «Енді мен қоғамдық көлікке мінбеймін. Аса қажет болмаса, оған отырмаймын. Велосипедпен ғана жүрем, денсаулыққа да пайдалы. Ұсынысым — жастарды, қыз-келіншектерді велоспортқа баулу керек», — дейді ұстаз.
Бұған қоса, Бахтиёр Мирзоев биліктен қалада велосипедшілерге жағдай жасауды, мектептер мен жоғары оқу орындарының жанынан велотұрақ салуды ұсынды. Арнай тұрақтың жоқтығынан ұстаз екі мәрте велосипедін ұрлатқан.
«Бақытыма орай, қаламызда велоспорт жанашырлары көбейіп келеді. Оларды көшеде жиі кезіктірем. Өкінішке қарай, шешілмеген мәселе көп. Мысалы, университеттердің бірінде де велотұрақ жоқ. Жұмысқа велосипедпен барып жүргеніме бір жарым жыл болды. Өткен аптада маған универге автокөлікпен немесе велосипедпен келуге болмайды деп ескертті. Студенттер қайта университетке велосипедпен келгені дұрыс», — деп есептейді Мирзоев.
Тәжікстанда билік тұрғындар арасында велоспортты насихаттауға тырысып жүр. Веломарафондар ұйымдастырылып, велоспорт күні жарияланды. Жақында республикада велоспорттан Азия чемпионаты өтті. Душанбеге 27 елден 400-ден аса спортшы жиналды. Дегенмен тәжік астанасында әлі күнге дейін арнайы веложолдар жоқ.
newstaraz.kz