Тәжікстанда тұрмыстағы келіншектің туыстары «көңілдесін» өлімші етіп сабаған
Тәжікстанның Пенжикент елді мекенінде тұрмыстағы келіншектің туыстары 22 жастағы жігітті онымен көңілдес болды деп өлімші етіп ұрған.
Бұл оқиға бойынша келіншектің өзі не оның туыстары журналистермен байланысудан бас тартты. Дереккөздің хабарлауынша, келіншектің күйеуі, баласы бар. Оның туыстары келіншектің жас жігітпен телефон арқылы сөйлескенін байқап, жігітті өлімші етіп сабаған.
Бұл оқиға ақпан айында болған. Күдікті ретінде бір адам ұсталған.
Соққыдан қаза тапқан жігіттің әкесі Садриддин Холов ұлының некедегі әйелмен байланысы туралы ештеңе білмегенін айтады. «Егер бұл рас болса, ұлымды егер келіншек ажырасса, үйлендіруге дайын едім», — деді Азаттықтың тәжік қызметіне (радио Озоди) берген сұқбатында.
Оның сөзінше, ұлы Бахтиёр Холов үш күн бойы ауруханада ес-түссіз жатқан, сол күйі өзіне келместен қайтыс болған.
«Маған 28 ақпанда звондап, ұлымды алып кетуімді сұрады. Жүгіріп барсам, Бахтиёр ес-түссіз жатыр екен. Оқиға орнында бірнеше әйел мен ер адам тұрды. Олар маған да шабуыл жасағысы келді»,- дейді Садриддин Холов.
Бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Пенжикент ішкі істер басқармасындағы дереккөздің хабарлауынша, күдікті ретінде жас келіншектің әкесі қамауға алынған.
Белгілі болғандай, жас келіншектің 23 жастағы күйеуі Ресейге жұмыс істеуге кеткен. Келіншек баласымен бірге күйеуінің ата-анасымен тұрған. Оның жас жігітпен телефон арқылы сөйлесіп жүргенін байқаған олар жігітті үйіне шақырған. Онымен қоса, келіншектің ата-анасын да шақырған. Осылайша, жігітті өздері жазалаған.
newstaraz.kz