Тәжікстанның 300-ге жуық азаматы Бішкек әуежайында қалып қойды (видео)
Қырғызстан шекарасы Тәжікстан азаматтары үшін жабылып, 300-ге жуық тәжікстандық Бішкектің халықаралық әуежайында қалып қойды.
Тәжіктің «Сомон Эйр» әуе компаниясының рейсімен 25 мамырда түнде Душанбеден Бішкекке келген екі жүзге жуық жолаушыны Қырғызстанға кіргізбеді.
Сол уақытта Ресейдің түрлі қалаларынан келген немесе Ресейге ұшуы тиіс жүзге жуық жолаушы Бішкек әуежайының транзит аумағында қалған.
Озоди радиосының тілшілерімен сөйлескен жолаушылар Қырғызстан шекарасы Тәжікстан азаматтары үшін жабылатынын ешкім алдын ала ескертпегенін айтты. 24 мамырда Қырғызстан үкіметінің басшысы Ұлықбек Марипов «жақында Тәжікстанмен шекарадан өтуге толықтай тыйым салу туралы шешім қабылданды» деп мәлімдеген. Оның айтуынша, шекарадағы дау шешілмейінше көрші елмен арадағы шекара жабық тұрады.
Тәжікстан билігі болса ресми түрде хабар бермегенін, Қырғызстанның авиация билігі Бішкекке ұшуға рұқсат бергенін мәлімдеп отыр.
Тәжікстанның Бішкектегі консулы Абубакр Шодиев мәселені Қырғызстан билігімен келіссөз жүргізу арқылы шешуге тырысқанын, бірақ оған «Сомон Эйр» ұшағы Тәжікстанға оралуы керек деп айтқанын мәлімдеді. Дипломаттың айтуынша, тәжік билігі мәселені шешу үшін қырғыз билігімен келіссөз жүргізіп жатыр.
Қырғызстан билігінің мәлімдеуінше, 24 мамырдан бастап Тәжікстан азаматтарына елге кіруге тыйым салынған. Тәжікстанмен арадағы шекараның жабылғаны туралы хабарды қырғыз баспасөзі Ұлықбек Мариповқа сілтеме жасап таратты.
Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің 25 мамырда мәлімдеуінше, Қырғызстан үкіметі 21 мамырдан бастап Тәжікстанның Қырғызстан арқылы саяхаттайтын азаматтары үшін «уақытша шектеу» енгізген. Мұндай шектеу екі ел шекарасындағы Кулунду-Автожол, Кайрагач-Автожол, Кизил-Бел-Автожол, Бордо-Автожол және Карамык-Автожол тіркеу-өткізу бекеттеріне қатысты енгізілген.
Мәлімдемеде «Қырғыз Республикасының Тәжікстанда тұратын азаматтары Қырғызстанға, ал Тәжікстан Республикасының Қырғызстанда тұратын азаматтары Тәжікстанға Қырғызстанның мемлекеттік шекарасындағы тіркеу-өткізу пунктері арқылы орала алатыны» айтылған.
Шешімде әуе қатынасы туралы ештеңе айтылмады. Тәжік авиация билігі әуе қатынасы бойынша шектеу туралы хабар алмағанын мәлімдеді.
28-30 сәуірде қырғыз-тәжік шекарасында қарулы жанжал болып, 36 қырғызстандық қаза тапты. Тәжікстан билігі шекарадағы жанжалдан 19 тәжікстандық қаза тапқанын мәлімдеді.
newstaraz.kz