Тәжікстанның демократиялық партиясы Бішкектің Ворухқа қатысты ұсынысын орынсыз деп есептейді
Тәжікстанның демократиялық партиясы Бішкектің Ворух тәжік жамағатын Қырғызстанға беру туралы ұсынысын «орынсыз» және «негізсіз» деп есептейді.
Партия мәлімдемесін саяси ұйымның төрағасы, Тәжікстан парламенті төменгі палатасының депутаты Саидджафар Усмонзода әлеуметтік желіде жариялады.
Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиевтің 26 наурызда хабарлауынша, Қырғызстан Тәжікстанға екі түрлі ұсыныс жасаған. Соның бірінде Тәжікстан Ворухты Қырғызстанға беріп, оның орнына Баткен облысының басқа да аудандарынан 12 мың га жер алады. Тәжік делегациясы бұл ұсынысқа әзірге жауап бермеген.
Душанбе үнсіз отыр, бірақ Бішкектің ұсынысы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.
Тәжікстанның демократиялық партиясының пікірінше, Қырғызстанның ҰҚМК басшысы Бішкектің Ворухқа қатысты ұсынысын ерте жариялап жіберген. Партия мұндай мәселелер шарт қою негізінде шешілмеуі тиіс деп есептейді.
Тәжікстан мен Қырғызстан шекараны демаркациялау және делимитациялау жөніндегі жұмыстарды 2002 жылы бастап, соның шамамен 60 пайызының мәртебесін анықтады. 976 шақырымдық мемлекеттік шекараның 504 шақырымы белгіленген.
newstaraz.kz